Жетітөбе қорымы

Әзірге шолу жоқ
0
Пікір қалдырыныз Қаралды - 682

Таныстыру бейнесі

Қазақ даласында Жетітөбе аталатын елді мекен, төбе атаулары жиі кездеседі. Олардың әрқайсы қандайда бір тарихи оқиғалармен сабақтас.

Жамбыл өңіріндегі ерте темір дәуіріне жататын Жетітөбе археологиялық ескерткіші Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, тауалды жазықта орналасқан.

Жетітөбе қорымы облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Қорым екі қатар тізбекте орналасқан обалар тобынан құралған. Шығыс жағындағы тізбекте көлемдері ірі келген жеті оба орналасқан. Ескерткіштің атауыда осы обаларға байланысты аталып кеткен.

Қорымда ХІХ ғ. орта шенінен бастап әр жылдарда ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алтын және басқа да металдан жасалған әшекей қалдықтары мен бөлшектері табылған. Жәдігерлер сақтардың «аң стилі» деп аталған өзінше бір ерекше үлгідегі өнер туындыларына тән.

Қорымнан табылған алтын бұйым қалдықтары мен ондағы қайталанбас әшекейлер сақ дәуіріндегі металл өңдеудің жоғарғы дәрежеде дамығандығын көрсетеді. Ал осы бұйымдарда көрініс тапқан өрнектердің мазмұны олардың дүниетанымын аңғартады.

Сақ заманында кен ісі мен руда шикізатын өңдеу өткен дәуірмен салыстырғанда едәуір ілгеріледі. Одақты сақ көсемдерінің кеңесі сайлаған патшалар билейді. Тайпа көсемдерін тайпа мүшелері сайлаған. «Патшалар қорымы» саналатын обаларда сақ билеушілері жерленгендігі олардың алтынмен апталған киімдері мен билік нышандары арқылы белгілі болып отыр.

Сақ қоғамында діни нанымдары мен ғұрыптарының негізгі атрибуттары ата-баба аруағына сиыну болды. Арнайы рулық қорымдары болған, оған өлген адаммен қоса, оның дүние-мүлкін қоса жерлеген. Рулық қорымдар қыстаулар мен тұрақтарының маңында болған. Өлгендердің бәрі әдетте жылдың қай мезгілі болса да, осы жерге жеткізіліп жерленетін болған.

Жетітөбе қорымы да осындай сақ дәуірінен жеткен тарихи маңызы жоғары ескерткіш кешені болып табылады. Ерте көшпелілер заманындағы өлілер мекені ретінде орныққан қасиетті орындардың бірі.

 

Әдебиеттер:

Лерх И.П. Археологическая поездка в Туркестанский край в 1867 г. – СПб., 1870. –  С. 10, 28-29.

Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Жамбыл ауданы. – Алматы, 2010. – 212 б.

Листинг ерекшеліктері

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message