Жамбыл Жабаевтың туған жері

Әзірге шолу жоқ
0
Пікір қалдырыныз Қаралды - 573

Таныстыру бейнесі

Өлең сөздің жүйрігі Жамбыл Жабаевтың туған жері қазіргі Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданының солтүстік аумағында орналасқан Жамбыл тауы. Жалпы Жамбыл тауының тарихы да тереңде жатыр. Қазақ хандығының туы тігілген ескерткіш нысандарының қатарында, Қозыбасымен қоса аталып жүрген, Жамбыл тауы мен Хантау Шу өңіріндегі тарихи мекендердің бірі.

Жамбыл Жабаев 1846 жылы ақпан айының бір боранды күні дүниеге келген екен. Бұл туралы ақынның өзі «Менің өмірім» атты өлеңінде:

«Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей – көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан», – деп жырлайды.

Əкесі Ыстыбайұлы Жапа шаруа адамы болғанмен, ат үстіне мығым, найзагер кісі екен. Ел ішінің дау-дамайына бітімгерлік сөзін айтқан ақылман адам ретінде де танылған. Шешесі Ұлдан мінезі байсалды, абысын-ажын арасында беделді, орайы келгенде өз жанынан қиыстырып өлең шығара беретін, əдемі дауысты əнші екен. Жамбылдың аталарынан əріректе өнерпаз, сері, палуан, ділмар шешендер шыққан.

Бала Жамбылдың басқаларға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі болған деседі. Ол туралы жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Жапаның үйіне алыстан бір топ қонақтар келіп, бас тартылар кезде Жамбыл алып қашып кетіп, сайдың ортасына апарып өзі жейтін. Немесе нағашы ағасы Қанадан қобызшының үйіне күй үйренуге бара жатып өзінен-өзі аттан сап, пора-порасы шығып жылайтыны секілді тосын қылықтары түсініксіз. Əлгі қылығының себебін сұрағанда: «Екі жағымнан екі арлан келіп талады», – деген екен.

Жамбыл жасынан халықтың төл өнеріне ден қойып, ақындық, жыршылық өнер жолына түседі. Қазақтың ақиық ақыны Сүйінбай Аронұлы бала Жамбылдың алғашқы аяқ алысынан-ақ, оның дарының аңғарып батасын берген. Ел ағасы Сарыбай ақсақал да жас өренге сəт сапар тілейді. Жамбыл ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. алғашқы жартысындағы қоғамдық өзгерістерді өз шығармашылығына арқау етіп, ескі мен жаңаның шындығынан ой түйіп, оны көркемдік шыншылдықпен жырлады. Ежелден тамыр тартқан жыраулық дəстүрді жалғастыра отырып, қазақтың ақындық өнерін жаңашылдықпен дамытты. Ақын жырлары – ұлт-азаттығын асқақтатқан рухқа толы, болмысы бөлек дүниелер. Туған жер, туған елді ардақ тұтқан дана жырау шығармашылығының үлкен бір саласы – эпикалық жанрдағы дастандары. Ол өскен елін, туған жерін жаудан қорғаған Өтеген, Сұраншы, Саурық сынды батырлар жайлы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ел аузында айтылып келе жатқан аңыздар негізінде дастандар шығарып, оны өзі жырлап, елдің отаншылдық санасын оятуда аянбай еңбек етті.

Ақынның шығармалары əлемнің 40 астам тілінде аударылып, қазақ атты халықтың даңқын шығаратын ел перзенті, ел ақсақалы, абызы атанды.

Бүгінде ақынның туған жеріне жақын жерде, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл ауылының шетіне ескерткіш белгі орнатылған.

 

Әдебиеттер:

Жамбыл Жабаев. Екі томдық шығармалар жинағы. / Ж. Жабаев – Алматы: «Жазушы», 1982. – 336 б.

Шаштайұлы Ж. Жыр – жолбарыс. – Алматы, «Санат», 1996. – 176.

«Жамбыл Жабеав – Ұлы Даланың алып жыршысы» – Жыл алыбы Ж.Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми- теориялық конференция материалдар жинағы. – Алматы: «Қыздар университеті», 2016. – 428 б. – қазақша, орысша, ағылшынша.

Листинг ерекшеліктері

Тегтер

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message