Шоқай датқа кесенесі

Әзірге шолу жоқ
0
Пікір қалдырыныз Қаралды - 561

Таныстыру бейнесі

Шоқай датқа кесенесі Сарысу ауданы, Саудакент ауылының оңтүстік шетіндегі ескі қорымның солтүстік бөлігінде орналасқан. Кесене Шу-Талас өңіріне тән монументалды құрылыстар түріне жататын ескерткіш.

Кесене Жамбыл облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді.

Алғашқы құрылысы ХІХ ғ. тұрғызылған. 1946 ж. бастап әр кезеңде қалпына келтіру және зерттеу жұмыстары жүргізілген. 1990-жылдары қабырғаның құлаған, жақтауларының мүжілген тұстары қалпына келтірілген. Күйдірілген кесектен өріліп, есігі оңтүстік-батысқа қараған бір бөлмелі күмбезді ғимарат. Жобасы тік төртбұрышты келген, өлшемдері 7,4х8,1 м. Алдыңғы қасбетінде ішке қарай ойық етіп қаланған аркалы өрнектері мен екі бұрышында мұнаралары бар. Кібеберісі арка тәрізді биік портал түрінде өріліп, тең ортасына қос қақпалы есік пен оның маңдайшасынан жоғары саңлаулы терезе қалдырылған. Сыртқы зерлеуі қарапайым, порталды сыртын жиектей отырып, жарты қатар кесек көлемінде қалдырылған төртбұрышты ойық қаландысы бар. Алғашында бұл ойықтың іші қандайда бір өрнек жазулармен безендірілген болса керек. Домалақ келген мұнаралардың жоғарғы жағында өрнекті белдеулері бар. Кесене күмбезі домалақ барабанға орнатылған және сыртқы жиектері тасүңгімен әшекейленіп бекітілген. Жиектемелерінде ақ және қызыл түсті шыңылтыр бояулардың жұғындылары сақталған. Ғимараттың оңтүстік-шығыс қабырғасында аркалы есігі бар жер асты қабірі анықталған. Жобасы шаршы пішінді, көлемі 3х3 м, төрт қырлы аласа келген жабыны бар.

Шоқай Датқа Қарабекұлы – Қаратау өңіріндегі Саудакент жерінде ХІХ ғасырда өмір сүрген белгілі тарихи тұлға. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кең танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, ағайынды ру тайпалармен қатар көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер. ХІХ ғ. екінші жартысына дейін Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймағындағы Қоқан хандығының ықпалы басым болып тұрған тарихи кезеңде өмір сүрді. Қоқан ханы болған Омар, одан кейін Құдияр қазақтарға олардың арасынан шыққан беделді, ел арасында қадірі асқан ықпалды тұлғалар арқылы басшылық жүргізеді. Қаратаудың теріскейіндегі қазақ елінің беделді, билікке араласа бастаған жас Шоқайға Қоқан билеушілерінің қалауы түсіп, оған хан сарайының лауазымды қызметі «датқа» атағын береді. Шоқай датқа Қарабекұлы Құдияр ханға және оның шылауындағы зорлықшыл топқа емес, өзінің халқына қалтқысыз адал қызмет етті. Сол замандағы оңтүстік өңірінің тарихи тұлғалары Сапақ датқа, Бөлтірік шешен, Байзақ датқа, Жәкел датқа, Майкөт ақын, басқа да белді азаматтармен қарым- қатынаста болды. Қоқан хандығында қызметте жүріп Шоқай датқа қазақ халқының дербес дамуын, тәуелсіздігін армандады және осы жолда күресті, өмірін арнады. Ол орыс халқымен экономика және әскери бірлікті де сақтай білген дипломат. Оңтүстік қазақтарын Ресейге бірігуді жүзеге асыруға араласып, келісімдер жасаған. Шоқай датқаның орыстармен ынтымаққа баруын Қоқан ханы кешірмейді. Кейбір деректер бойынша, Шоқай датқа кезекті бір сапардан оралғанда қоқандықтардың үзеңгісіне у жағып қайтыс болды делінген.

Шоқай датқа – еліне, жеріне өлшеусіз қызмет жасаған, артында сөзі мен ісі қалған ірі тарихи тұлға ретінде халық санасынан орын алған.

 

Әдебиеттер:

Шоқай датқа кім болған // Ғұмыр Дария. – 2017, №7.- 6-сәуір.

Маргулан А.Х., Басенов Т., Мендикулов М. Архитектура Казахстана. –Алма-Ата, 1959. – С. 133.

Листинг ерекшеліктері

Тегтер

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message