Қамыстыбұлақ шатқалындағы петроглифтер

Әзірге шолу жоқ
1
Пікір қалдырыныз Қаралды - 477

Таныстыру бейнесі

Қамыстыбұлақ шатқалындағы петроглифтер Байзақ ауданы, Ақбұлым ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 4 шақырым жерде, Қыpғыз Aлaтayының теріскей бетінен жоғары өрлейтін Қамыстыбұлақ шатқалында орналасқан. Петроглифтер қола дәуірінен ортағасырға дейінгі аралықты қамтитын археологиялық ескерткіш.

Қамыстыбұлақ шатқалы негізінен бес тау қыратынан тұрады. Ертеректе шатқалдың ішіндегі бұлақтардан аққан өзеннің аяғы көлге айналып, айналасына қамыс өсіп Қамыстыбұлақ атанған. Қазіргі уақытта бұлақтың көзі тартылып, кішкентай ғана көлшікке айналған, жағасындағы қамыстары қурап кеткен. Шатқалдың етек жағынан кірген сай терістікке қарай өрлей береді де таудың күнегей қапталындағы қара гранит тастар бірден көзге түседі. Осы тастардың бетінде шекіп салған өнер туындыларын кездестіруге болады. Петроглифтер шатқалдың бойындағы жартастарда, 1 шақырым аралықта кездеседі. Қазіргі таңда елуден астам суреттер белгілі. Жартас бетіндегі тауешкі, түйе, бұқа сияқты жануарлардың жекелеген суреттері және  аңшылар мен жауынгерлер бейнеленген. Тауешкі бейнелерінің сұлбасы берілсе, бұқа мен түйелердің көлемді бейнелері нүктелермен толықтырылып түсірілген. Адам бейнелерінен: екі қолымен күнді ұстап тұрған адам, садақ атқан аңшы, найзасын көлденең ұстаған жауынгер, би үстіндегі екі адам бар. Қолына қайқы қылыш ұстаған салт атты бейнесі ортағасырлар кезеңіне жататын болса керек.

Осы тастардың тегіс бетінде көне замандағы тайпалардың тіршілігі мен салт-санасындағы нышандар бейнеленген. Суреттер осы жерді мекендеген бір қауым тайпаның тыныс – тіршілігін  баяндайтын белгілі бір мазмұнға құралған көне заман шеберлерінің  өнер туындылары екені даусыз. Жалпы алғанда тастағы суреттердің сюжет желісі осы өңірді мекендеп отырған халықтың таным-түсінігімен ұштасып жатыр. Аңшылық пен қарулы сарбаз бейнесі қашанда қазақтың дәстүріне жақын құбылыс. Ал, таутекенің мүйізі мен күннің бейнесі бүгінгі мемлекеттік рәміздерге таңбаланған қастерлі нышандар. Ендеше бұл ескерткіштер халқымыздың тірі жады, бүгінгі бейбіт тұрмысы мен құбылмалы болмысының бейнесі, ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың талғам-түсінігінің айғағы. Олардың бейнесі мен мазмұны алуан түрлі болғанымен халқымыздың бірегей ортақ құндылықтар жүйесінде тоғысады. Бұл суреттер бір жағынан өткен дәуірлер мен қоғамның тарихынан сыр шертетін құнды дерек көзі болса, екінші жағынан оны салған адамдардың рухани жан-дүниесін сездіретін «ашық аспан астындағы галерея».

 

Әдебиеттер:

Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Байзақ ауданы. – Алматы, 2010. – 204 б.

 

Листинг ерекшеліктері

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message