Меркі қалашығы

Әзірге шолу жоқ
0
Пікір қалдырыныз Қаралды - 487

Таныстыру бейнесі

Меркі – тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Оңтүстігінде асқақтап Алатау тұрса, одан бастау алатын Мыңбұлақ тау етегін гүл-бәйшешекке көмкеріп, сылдырай төмен ағып жатыр.

Дәл осы Алатаудың көз тоймас көкмайсалы әсем табиғатының аясында Меркі қаласы орын тепкен. Қаланың атауы тарихшылар мен саяхатшылардың жазбаларында ҮІ ғ. бастап, Тараз қаласымен бірге аталады.

Ортағасырлық Меркі қаласының негізгі бекінісі Қарасу өзенінің оң жағасында, қазіргі Меркі ауылының орталығында орналасқан. Қаланың мұнаралы қамалы бар орталық бөлігі алыстан көзге түседі.

Ескерткіш Жамбыл облысының республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткішіне, сонымен қатар 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Ортағасырлық Меркі қаласы жазба деректерде Бирки немесе Мирки деген атпен кездеседі. Араб географы Абаллах ибн Хордадбектің 846-847 жылдары жазған еңбегінде Құлан мен Биркидің арасы 4 фарсах екені көрсетілген. Дәл осы мәлімет Кудама ибн Джафардың еңбегінде де көрініс тапқан.

Меркі қаласы жайлы құнды дерек 982-983 жылдары парсы тілінде жазған белгісіз автордың «Худуд ал-Алам» деген еңбегінде Меркі мен Құлан қалаларының арасын мекендеген тайпалар туралы: «Мирки – елді мекен, онда халлухтер тұрады, саудагерлер де келеді. Және осы екі елді мекендердің арасында халлуктердің бистан, хайм және бириш атты үш тайпасы мекендейді» – деп сипаттаған.

Ортағасырлық Меркі қаласының аты Шу мен Талас өңірлеріне қатысты аңыздарда да кездеседі. Ертеде Шу өңірінде өзі жас, ақылды, әрі батыр Шу атты қаған билік құрыпты. Бір күні Мысыр елінен келген саудагерден Зұлхарнай патшаның (Александр Македонский) Яксарттың (Сырдарияның)  арғы бетіне соғыс ашқалы дайындалып жатқанын естиді. Шудың жағасындағы қамалына әскербасыларын жинап алып: «…әрқайсың өз жеріңе, қорығыңа барып үлкен жолдың бойындағы таулардан ағатын әр өзеннің жағасына кале (мұнара), кент салыңдар.  Кенттің қақпасы берік, қамалы ана таудай биік, ал оны қоршаған оры мынау асау Шудай терең болсын. Кенттің қорығы жайшылықта аң мен малға толы болса, ол ел басына күн туғанда шөбі жылқыға жем, аңы мен малы жасаққа азық болады. Әр кенттің жанындағы биікке қарауыл төбе, өзендердің өткелдеріне бекініс салынсын.” – деп әмір береді. Ертесіне Шу қаған Қожекент (Сырдария) өзенін бетке ұстап асығыс жүріп кетіпті. Арада жеті ай, жеті күн өткенде жаңадан салынған 40 кентті, Қожекент, Талас, Шу өзендеріндегі өткелдерге салынған бекіністерді көзімен көрген қаған қамалына қайта оралыпты.

Меркі қалашығында жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі жоғарыдағы жазба деректер мен аңыздарда айтылған мәліметтерге өте жақын келеді. Қаланың құрылыс қалдықтары, қыш бұйымдар жиынтығы, оның көркемдік бағыттары бұл қалада қолөнердің жоғары деңгейде дамығанын және Оңтүстік Қазақстан және Жетісу қалалары, Шығыс Түркістан, Шаш, Соғды, Хорезммен мәдени, экономикалық, сауда қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді. Бұл дегеніміз Меркі қаласы Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды орталықтардың бірі болғандығын айғақтайды.

 

Әдебиеттер:

Ибн Хордадбех. Книга путей и стран // Перевод с арабского, комментарии, исследование, указатели и карты Наили Валихановой. – Баку: Элм, 1986. – 428 с.

Волин С. Сведения арабских источников ІХ-ХVI вв. О долине реки Талас и смежных районах. // Труды ИИАЭ АН КазССР. – 1960. – 5 том. – 72-90.

Елеуов М. Шу мен Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары (6-13 ғ. басы). Бірінші бөлім. – Алматы: Қазақ университеті, 1998. – 210.

Листинг ерекшеліктері

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message