Кенесары хан мемориалы

Әзірге шолу жоқ
2
Пікір қалдырыныз Қаралды - 574

Таныстыру бейнесі

Кенесары хан мемориалы Қордай ауданы, Қаракемер ауылының оңтүстік – шығысында 14 шақырым жерде, Қаракемер-Қарасай батыр тас жолының сол жақ бетінде, жолдан 30 м жерде орналасқан. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Ескерткіш 2006 жылы Кенесары ханның мерт болған жеріне және майдандас батырларына арнап орнатылған. Мемориал алаңы биік төбені қоршап, ортасына көлемі 2,4 м, биікітігі 6 м бетоннан құйылып қызыл мәрмәр тақталарымен қапталған ескерткіш тақта орнатылған. Ескерткіштің айналасында Кенесары ханның опат болған сарбаздарының есімдері мен қазақ руларынан естелік жазылған ескерткіш тастар қойылған.

Төре тұқымы Кенесары 1802 жылы дүниеге келген. Ол Қасым сұлтанның бел баласы, Абылай ханның туған немересі. Кенесары бала кезінен-ақ ат құлағында ойнап, құралайды көзге атқан мерген болды. Қанжығасы қанды ғажайып аңшылығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, жүрек жұтқан батылдығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен тaнылды. Оның бойында ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты ерекше еді.

1841 ж. қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. бастап Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорықтар ұйымдастырды. Кенесарының әскері патшалы Ресей әскерінің отаршылдық әрекеттеріне қарсы соғысып, бірнеше рет ойсырата жеңді. Алайда әскери қуаты басым жау Кенесары сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. Бұл аймақта Кенесарының қырғыз манаптарымен тайталасуына тура келді. 1847 жылы  Қырғыз манаптары мен Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскерлері Ыстықкөл мен Шу өзенінің жоғарғы ағысы аралығында Кекілік сеңгір тауының қойнауындағы «Алмалы сай» шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Таулы аймақ хан Кененің сарбаздарына басымдық көрсетуге мүмкіндік бермеді. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған қаһармандық шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Кенесары айуандықпен өлтіріледі.

Үш жүздің басын бір тудың басына біріктіріп, халықтың бірлігін сақтап, ел болуды көксеген Абылай ханның ұрпағы, қазақтың соңғы ханы ата-бабадан қалған ұлан ғайыр жерді келер ұрпаққа аманат ету жолында жауынгерлермен бірге соңғы демі қалғанша шайқасып, елінің санасында ерлік  пен өрліктің, теңдік пен тектіліктің ескерткішін орнатып кетті.

 

Әдебиеттер:

Абылай хан. Кенесары: (ұлт-азаттық қозғалыс мəселелері) / Ред. М.Қ. Қозыбаев. –  Алматы: Ғылым,1993. – 119 б.

Листинг ерекшеліктері

Тегтер

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message