Кенен Әзірбевтың жерленген жері мен музейі

Әзірге шолу жоқ
2
Пікір қалдырыныз Қаралды - 408

Таныстыру бейнесі

Кенен Әзірбаевтың жерленген жері мен музейі Қордай ауданы, Кенен ауылының шығыс шетіндегі саябақтың ішінде орналасқан. Ескерткіш кешені қазақтың халық ақыны, әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевқа арнап орнатылған. Орталық аллеясы бар саябақ, мұражай ғимараты, ақынның ескерткіш мүсіні мен бейітінің басына қойылған құлыптас біртұтас сәулеттік кешенді құрайды

Кенен Әзірбаев (1884-1976 жж.) Қордай ауданы Мәтібұлақ өңірінде дүниеге келген. Ерекше дарынымен дараланған қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «маусым жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан кейінгі Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия, соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға етене араласып, өзінің азаматтық ұстанымын, бойындағы ақындық дарыны арқылы жеткізіп отырған. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, өлеңін де өзі жазып және асқан шеберлікпен орындай білген біртуар дарын иесі. Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық, тақырыптық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастандар болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйытқысы болған. Ол ән мен жырдың кеніші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, салсерілік дәстүрін терең игерген өнер иесі. Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақыреспублики рып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, жаңа белестерге алып шықты. Оның «Бозторғай», «Көкшолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады.

Ақынның еңбегін ескеріп, есімін ұлықтау мақсатында 1981 ж. музей кешені ашылған. Онда К. Әзірбаевтің шығармашылық және қоғамдық қайраткерліктері туралы мағлұмат беретін 900-ден астам экспонаттар жинақталған. Олардың ішінде жеті жасар Кененге әкесінің сыйлаған кішкене домбырасы да бар. Онымен алғаш рет өзінің «Бозторғай» мен «Көк Шолақ» әндерін орындаған. Мұражайдағы құнды жәдігерлерінің бірі – Жамбыл Жабаев сыйлаған күміс жалатылған белдік. Музей мен ескерткіш кешені біртуар өнер иесінің есімін ұлықтап, еңбегін ұрпақ санасында мәңгілікке сақтау мақсаты жолында қызмет жасауда.

Листинг ерекшеліктері

Тегтер

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message