«Ежелгі Тараз» қалашығы

(1Пікірлер)
2
Пікір қалдырыныз Қаралды - 659

Таныстыру бейнесі

Ежелден-ақ тарихы бай, жері құнарлы, табиғаты әсем, руханият ошағы және ірі сауда орталығы болған «Ежелгі Тараз» қалашығы – Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Қала республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне және 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.

Тарихи деректерді негізге алсақ, Тараз қаласы ж.с.д І ғасырдың орта шенінде іргетасы қалана бастаған. Қытай жылнамаларында Тараз қаласының негізін ғұндар билеушісі – шанью (тәңірқұт) шөже қалады деген мәліметтер бар. «Ханнама» жылнамасында: «Шөже тәңірқұт қала қорғанын соқтыру үшін халықты жинады. Қала қорғанын салуда 500 адам күні бойы жұмыс істеп, оны екі жылда бітірді», – делінген. Түрік тарихшысы Баххаддин Өгел өзінің «Ұлы ғұн империясының тарихы» атты еңбегінде Шөже тәңірқұт бұл қаланы жеті жыл бойы өзінің ордасы еткен деген мәлімет береді. Ж.с.д. І ғ. басында ғұндар ордасына айналған Тараз қаласы сол кездегі қытай жазбаларында Далосы, Даласы, Талас деген таулармен белгілі болған.

Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолындағы тарихи-мәдени орталықтардың бірі болған. Қаланың мәдени өмірі жайлы 568 жылғы Византия деректерінде сипаттамалар беріледі. Ал 630 жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь: «Тараздың аумағы 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, әртүрлі заттар əкеліп сатады» – деп баяндайды. Араб саяхатшысы Ибн Хаукал да: «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы» – деп суреттесе, араб тарихшысы Әл-Мағдиси: «Тараз ірі бекіністі қала, бақтары көп, халқы тығыз, қала сыртында терең ор қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекендер бар. Барлық базарларға мешіт салынған. Қаланың орталық бөлігіне кірер қақпа алдынан үлкен өзен ағады. Өзеннің арғы бетінде де тұрғын үйлер орналасқан, оған өзеннен өтіп баратын өткелдері бар» – деген мəліметтер қалдырған.

Ортағасырлық Тараздың гүлденген кезі – бұл XI-XII ғғ. яғни Қарахан әулеті билеген кезеңге сай келеді. Ислам дінін қабылдаған Тараз бұдан былай Талас өзенінің бойына жерленген қасиетті әулиенің құрметіне «Әулиеата» болып атала бастайды.

XIII ғ. бастап Тараздың аты мен даңқы шығыс ғалымдары мен саяхатшыларының қаламына ілігіп отырады. Тараз жөнінде Рашид-ад-дин Фазлуллах, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали би Қосымұлы сияқты ғалымдар өз еңбектерінде жазған. «Жеті әлем» («һәфт иқлим» 16 ғ.) авторы Тараз жөнінде: «Тараз бұрынғы замандарда әйгілі қала болған. Оны Банки (басқа бір еңбектерде «Иангт») деп атаған. …Тараз халқының басым бөлігі мұсылмандар, сондай ақ бұл өлкеден қадір тұтуға лайық ғалымдар көп шыққан» деген анықтама берген.

Жалпы Тараз қаласының тарихын зерттеумен әр кезеңдерде көптеген отандық және шетелдік зерттеушілер айналысты.

Археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде көне Тараз қаласының орталығы цитадель, шахристан және рабадтан тұрғандығы анықталып, әр кезеңде басылған тиындар, мөр-таңбалар мен көптеген құнды тарихи жәдігерлер табылған. Сонымен қатар тас төселген көшелер және сәулетті құрылыс нысандары ашылған. Қаланың негізгі тарихи орталығында билеушілердің сарай-кешендері, монша, ал шахристан бөлігінде зиялы қауымның, бай саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері, шығыс базары мен мешіттер орналасқан. Қаланың рабад бөлігінде қолөнершілердің шеберханалары, тұрғын жайлар орын тепкен.

Тараз қаласы ежелден бері Шығыс пен Батыстың, дала мен қаланың мәдениеті тоғысқан, ірі саяси, стратегиялық орталық ретіндегі дәстүрлі тіршілігі үзілмеген тарихи мекен.

 

Әдебиеттер:

Дәдебаев Ж. Атыңнан айналайын Әулие ата: тарихи-филологиялық зерттеулер. – Алматы:Қазақ университеті, 1998. – 312.

Сенигова Т.Н. Средневековый Тараз. – Алма-Ата, 1972. – 228.

Байпаков К.М. Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути. Алматы, 1998. – 212.

Листинг ерекшеліктері

Тегтер

3D модель

Items Reviewed - 1

ADMINISTRATOR QT

ADMINISTRATOR QT

Әулиета өңірі киелі жерлерге бай мекен.

Сәуір 30, 2019 6:40 тд Reply

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message