Ы. Дүкенұлының жерленген жері мен мемориалы

Әзірге шолу жоқ
0
Пікір қалдырыныз Қаралды - 491

Таныстыру бейнесі

Ықылас Дүкенұлының жерленген жері Сарысу ауданы, Шығанақ ауылынан солтүстікке қарай 18 шақырым жерде, Қуарал жазығының батыс шетінде орналасқан. 2010 жылы Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне және 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Ы. Дүкенұлының қабірінің басында биіктігі 0,5 м мола сақталған. Қабірі 4,5х4 м метал құрылыспен қоршалған. Мемориал – Саудакент ауылынан оңтүстікке қарай 1 шақырым жерде Жаңатас қаласына баратын тас жолдың оң жағында орналасқан. Құрылыс 1993 ж. Ы. Дүкенұлының 150 жылдық мерейтойына арнап салынған. Монолитті темір бетон мен кірпіштен тұрғызылған, мәрмәр және гранит тақталармен қапталған. Үш бөліктен тұратын, күрделі композициялы құрылыс қобыздың пішінін сомдайды. Негізгі бөлігі шеңбер болып келетін көрхана. Үсті биік конус тәрізді күмбезделіп келген, жалпы биіктігі 5,4 м. Ішкі құрылысында көрханаға кіретін ұзын дәліз және оның екі қапталынан жапсарлас шағын бөлмелер салынған. Көрхананың ортасында жазуы бар мемориалдық тақта мен өңірдегі әулиелердің топырақтары әкелініп айналдыра іргесіне қойылған. Қосымша бөлмелер музей ретінде безіндіріліп, қобызшының шығармаларының атауы мәрмәр тасқа қашап жазылған.

Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) – Қарағанды облысыЖаңаарқа ауданының тумасы. Қазақ арасында атағы кең таралған күйші – қобызшысы, композитор, қылқобыздың асқан шебері. Ықыластың арғы аталары, әкесі Дүкен және балалары да қазаққа белгілі қобызшы болған. Ықылас 15 жасында қобызды толық меңгеріп, әкесінен үйренген халық күйлерін, Қорқыттың күйлерін нақышына келтіріп орындаған.

Алтын қобызға әуестеніп жүрген бозбала шағында түс көріп, түсінде бір ақсақалды абыз: «Бұл қобыз сенің жеті ұрпағыңа дарып, желеп жебейтін болады!» деп аян беріпті деген аңыз тараған. Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбек, Ақынбай атты үш баласы да белгілі қобызшылар болған. Олардың балалары мен немере шөберелері қазір Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұрады. Ықыластың қара қобызы беріге дейін Ақынбайдың баласы Дәулеттің қолында сақтаулы болған, 2008 жылы Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы ол қобызды сатып алып, мемлекеттік мұражайға табыстаған. Қазір Ықылас Дүкенұлының қара қобызы мемлекет қорғауында.

Қобыз тарту өнерінде жаңашылдығымен танылған шебер орындаушы, қобызға арналған көптеген шығармалардың авторы. Оның ішінде «Қасқыр», «Кертолғау», «Жезкиік», «Ерден», «Жалғызаяқ» т.б. шығармалары өзі өмір сүрген заманның келбетін сипаттаса, «Қабар Назым», «Айрауық», «Қазан» сияқты күйлеріне ел арасында кең таралған аңыз-әңгімелер мен қиял-ғажайып оқиғалар арқау болған.

 

Әдебиеттер:

Жубанов А. Қазақстан халық композиторлары (күйшілер). – Алма-Ата, 1962.

Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан: Жамбылская область. / ред. К М. Байпаков. – Алматы, – 2002. – 350 с.

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message