Биназар батыр кесенесі

Әзірге шолу жоқ
0
Пікір қалдырыныз Қаралды - 826

Таныстыру бейнесі

Ел тағдырын өз өмірінен биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен батырлар мен Отан алдындағы адал қызметін үлгі тұтарлық ұлы тұлғалар аз болмаған. Жерін жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен батыр тұғалардың бірі  – Биназар Ақеділұлы.

Биназар батырдың бейіті Мойынқұм ауданының, Хантау ауылынан солтүстік шығыста 30 шақырым жерде, Хантау тауының ішінде орналасқан. Кесене 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

1994 жылы батырдың 190-жылдығына орай денесі жерленген аумаққа кесене тұрғызылып, жанынан келушілерге арналған қонақ үй салынған. Кесененің құрылысы 7,15×6,75 м көлемінде күйдірілген кесектен қаланып, төбесі күмбезді етіп жабылған.

Биназар Ақеділұлы Қоқан хандарына қарсы соғыста батыр атағын алған. Биназар Түлкібас өңірінен Шу алқабына көшіп барып, егіншілікті дамытуға күш салып, отырықшылық шаруашылықпен айналысқан. Сол кезеңде салынған каналдар әлі күнге дейін шаруашылыққа пайдаланылып, Биназар каналы аталып кеткен. Қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Арқадан ығысып, Хантауына келгенде Биназар алғашқылардың бірі болып қол ұшын созған. Ханның әскеріне азық-түлік беріп, алдағы жорықтарға өз руластарынан сарбаздар қосқан. Ағыбай, Сыпатай батырлармен, Бөлтірік бимен жақын қарым-қатынаста болып елдік мәселелерге де үн қосқан.

Ел ішінде Биназар батырдың мынадай бір ерлігі аңыз болып жеткен. Көктем шыға елдің жағдайымен танысып, шаруаларына қолдау білдіру мақсатында Биназар батыр мен Бөлтірік шешен жолға шығады. Тау етегіндегі мөлдіреп аққан бұлақтың басына тоқтап,  астындағы  аттарының ер-тоқымын алып,  әңгімелесіп отырған шағында ұрымтал тұстан сау ете түскен жеті аттылы қаперсіз екеуіне тап беріп аяқ-қолдарын матап, байлап тастаған екен. Екеуін ермек етпек болып, «ал енді біздің көңілімізді көтеріп, өлең айтыңдар» – деп қыспаққа алады. Сонда Бөлтірік шешен: «Сендер болсаңдар қару-жарақты жетеусіңдер, ал біз қарусыз екеуміз, екі шалды байлап қойып, өлең айт деп – намыстанбадыңдар ма? Бізден несіне қорқасыңдар, қолды босатыңдар, өлеңді содан кейін айтайық», – дейді. «Расымен де, бұл екеуінен не үшін қорқамыз?» – деп екеуінің қолын босатады. Сол кезде Биназар батыр:

Астымдағы мінгенім тай төрі еді,

Екеуара өлеңді айтар едік.

Осылардың төртеуін мен ұстасам,

Ер Бөлтірік үшеуін қайтер еді? – деп қарсы отырған төртеуін тырп еткізбей басып алғанда, Бөлтірік шешен де үш жігітті астына басады. Екі батыр енді олардың өздерін байлап тастайды да қазақ екендерін білген соң өздерінің аты-жөндерін айтпастан босатып жібере салған екен.

 

Әдебиеттер:

Ел аузынан: халық даналығы. – Астана: «Фолиант», 2014.

 

Листинг ерекшеліктері

Тегтер

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message