Ботбай баба кесенесі

Әзірге шолу жоқ
1
Пікір қалдырыныз Қаралды - 455

Таныстыру бейнесі

Жүздеген жылдар, ондаған ғасырлар бойында қазақ елінің басынан күңіренген қасірет пен қым-қиғаш тағдырлар өткен.

Кең байтақ қазақ жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, есімдері алты алашқа белгілі болған батырлардың тұлғасы ел арасында айрықша құрметке ие. Кеудесін оққа тосып, жауға қарсы күресте еліне пана болған батыр бабаларымыздың бірі – Ботбай батыр.

Таңның атысы мен күннің батысына дейін ел мен жердің тағдыры үшін арпалысып, өмірі ат үстінде өткен Ботбай батыр 1451-1540 жылдары өмір сүрген. Ол өз заманында ержүрек батыр, ақыл парасаты мол, өжет, ірі тұлғалы кісі болған деседі.

Тарихи деректерде әкесі Дулат төрт баласының мінезі мен білімін, алғырлығын бағамдап, Ботбайды жауды жасқантып, ерлігі сыналатын жерлерге арнайы жібереді екен. Ел ішіндегі аңыздарға қарағанда, Дулат баласы Ботбайдың ерлігіне: «Ботбайым, жайнайсың-ау оттайын. Батырлығың дұрыс-ау, қажетті жеріңде ақылға келсең, ұрыс-керіске бой бермейсің», – деп сүйсінген.

Ботбай батырлығымен қатар Іле, Шу, Аспара, Меркі, Құлан, Тараз, Сайрам, Сауран өлкелерінің ұлысбегі болып, ел басқару ісіне де араласқан. Ел билеген тұсында қарамағындағы халқына қамқорлығымен, дау-дамайда тең төрелік айта білген әділдігімен, сөзге шешендігімен көпшіліктің құрметіне бөленген. Заманында Бұқарадан құрал-сайман әкеліп халықты жер өңдеп, егін егуге бастапты. Ботбай батырдың тағы бір ерекшелігі жекпе – жекте жеңіліп көрмеген батырлығымен қоса, «құралайды көзге атқан» мергендігімен де ел есінде қалған.

Ботбай батыр 1540 жылы дүниеден қайтып, Сайрамда жерленген.

2014 жылы батырдың құрметіне арнап, ескерткіш кесене орнатылған. Кесене Меркі ауданы, Меркі ауылының оңтүстігіне қарай 5 шақырым жерде, тас жолдың бойында орналасқан. Құрылыстың көлемі 6х6 м, жалпы биіктігі 12,5 м. Ескерткіш күйдірілген кесектен өріліп, іргетасы мәрмәр таспен қапталған.

Еңселі ескерткіштің көк тіреген үшбұрышты белгісі ұлт болып ұйысқан үш рулы елді бірлік пен берекеге шақырып тұрған ерлік пен өрліктің нышанындай әсер қалдырады. Биік тұрған шаңырағы мен қос қапталындағы арыстан бейнелері де батырдың ерлік рухын бейнейтіндей көрініс береді.

Бүгінде зәулім кесене осы өңірдегі жергілікті халық зиярат жасайтын қасиетті мекен және саяхатшылар жиі тоқтайтын тарихи орынға айналған.

 

Әдебиеттер:

Тарихи тұлғалар. / Құрастырушылар Б. Тоғысбаев, А. Сужикова. – Алматы: «Алматыкітап», 2009 – 376 б.

 

Листинг ерекшеліктері

Тегтер

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message