Берікқара қорымы

Әзірге шолу жоқ
0
Пікір қалдырыныз Қаралды - 1026

Таныстыру бейнесі

Берікқара қорымы Жуалы ауданы, Ә. Жүргенұлы ауылының оңтүстік шетінде, Қаратау жотасының солтүстік бөктеріндегі жазықта, Берікқара өзенінің қос жағалауына жайыла орналасқан. Ескерткіш Жамбыл облысының республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген.

Қорым Қаратаудың теріскей беткейіндегі Берікқара шатқалын Билікөл көлінің жағалауына дейін 3,5 шақырымға созылып, оңтүстіктен солтүстікке қарай тізбектеле орналасқан обалар тобынан тұрады. Топографиялық түсірілімдер нәтижесінде Берікқара өзенінің қос жағалауынан барлығы 411 оба тіркеуге алынған. Қорымның орталық бөлігінде құрылысы ерекше «патша» обалары шоғырланған. Ірі обалардағы тас үйінділердің көлемі 50-53 м, биіктігі 6-7 метрге дейін жетеді. Обалардың құрылысы әртүрлі, көпшілігі тас үйінді, тас пен топырақ аралас немесе айналдыра таспен қоршалып ортасына топырақ үйілген обалар да кездеседі. Обалардың айналасында ғұрыптық дәстүрлерді орындауға арналған қоршаулар мен құрылыстың іздері байқалады.

Қорымда 1938 жылдан бастап түрлі деңгейдегі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қыш құмыра, алтын, қола және мыстан жасалған әртүрлі бұйымдар, сырғалар, салпыншақтар, аузына құс тістеген жолбарыстың басы түріндегі қола айылбас, темір пышақ, жебенің екі және үшқалақты ұштары, қылыштың сабы сияқты құнды жәдігерлер табылған. Табылған заттай деректер және оған қоса жерлеу рәсімінің ерекшеліктеріне байланысты материалдар ескерткішті ж.с.д. II ғ.– ж.с. V ғ. жататындығын, яғни Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік құрылымдардың қалыптаса бастаған Сақ заманын бастап түрік дәуіріне дейінгі аралықты қамтиды.

Сақ дәуірінен бастап кейінгі ортағасырларға дейін ел басқарған патшалар мен батыр тұлғалардың мәртебесін ұлықтаудың айрықша дәстүрі болған. Қайтыс болған билеушінің немесе оның туыстарына, жақын адамдарына арнап патшалық обадан ескерткіш орнатқан. Берікқара қорымы да осы мәнге негізделіп тұрғызылған. Көне дәуірлерден бастап мұндай қорымдар орналасқан жерлер «өлілер мекені» аталып, қасиетті саналған. Ол жерлерде түрлі ғұрыптық дәстүрлер өткізіліп, құрбандық шалынған. Артында қалған ұрпағы өмірден өткен ата-бабаларының рухына құрмет көрсетіп, тағзым ету дәстүрі әлі күнге дейін қазақ халқының таным-түсінігіне берік орнығып, жалғасын үзбеген.

 

Әдебиеттер:

Таласская долина. Труды Семиреченской археологической экспедиции 1936-1938 гг. / ред. А.Н. Бернштам. Материалы и исследования по археологии Казахской ССР. – Алма-Ата, 1949. – Т. I. С. – 17-22.

Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан: Жамбылская область. / ред. К М. Байпаков. – Алматы, 2002. – 350 с.

Листинг ерекшеліктері

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message