Батырбек датқа кесенесі

Әзірге шолу жоқ
0
Пікір қалдырыныз Қаралды - 624

Таныстыру бейнесі

Батырбек датқа кесенесі Жуалы ауданы, Күреңбел ауылынан батысқа қарай 7 шақырым, Қоңыртөбе ауылынан солтүстік-батыста 3 шақырым жерде орналасқан.

Батырбек Рыспекұлының қабірінің үстіне тұрғызылған кесене Қаратау мен Боралдай жоталарының арасындағы тауаралық алқаптың ортасында орналасқан. Кесене шағын төбенің үстінде, алты қырлы етіп күйдірілген кесектен өрілген. Қабырғаларының ұзындығы 2,8 м, биіктігі 6 м, төбесі алты қырлы метал күмбезбен жабылған.

Батырбек датқа – Шінет батырдың немересі, атақты Рыспек батырдың (шамамен 1795 – 1885 жж. өмір сүрген) үлкен ұлы. Халық жадында қоқандықтарға қарсы халықтың мүддесін қорғаған жауынгер әрі саясаткер ретінде қалған.

Батырбек Рыспекұлы ел, ру арасында аса беделді тұлға ретінде қалыптасып, өңірдегі қоқан билігі үстемдік құрып тұрған шақта «датқа» деген шен иеленіп, ел басқару ісіне араласқан. Дәл осы тұста солтүстіктен киліккен орыстың әскери басшыларымен тіл табысып, бейбіт келісімдерге келіп, өзінің көрегендігімен дараланады.

Батырбек Рыспекұлы Оңтүстік өңірлердегі Байзақ, Шоқай, Сапақ сынды беделді ел басқарған тұлғалармен замандас, істес болып, заман ағымын жақсы сезінген ру басыларының қатарында болды. Өз заманындағы саяси-әлеуметтік мәселелерге қызу араласып, халық тағдырына ара түскен қоғам қайраткері ретінде де ел аузында айтылып жүрген аңыз әңгімелердің желісіне арқау болған кейіпкерге айналған. Есімі сол заманның шындығын суреттеген аузы дуалы атақты ақындар жырынан да орын алып, сөз болуы тегін болмаса керек. Шөже, Сүйінбай, Майлықожа, Мәделіқожа жырларында суреттелген Батырбек датқа бейнесін танып-бағалауы соның мысалы болып табылады. Орыс генералы Черняев: «Бұл кісілердің арасындағы Батырбек датқа – мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт дәстүріне өте берік. Орыстарды жат дінділер дейді. Басқа датқаларға қарағанда оңтүстік өңірде халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды» – деп мінездеме берген.

Батырбек Рыспекұлының атқарған ісі ел-жұртына мақтаныш, ерлігі сүйініш, есімі ел азаматы ретінде халық санасында сақталған.

 

Әдебиеттер:

Дәдебаев Ж. Батырбек датқа // Қарахан, №9 (14), 2014. 43-бет

 

Листинг ерекшеліктері

Тегтер

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message