Әулиебастау қалашығы мен бұлағы

Әзірге шолу жоқ
1
Пікір қалдырыныз Қаралды - 430

Таныстыру бейнесі

Кез келген тау мен тастың, өзен мен бұлақ атаулары терең сыр мен тұңғиық тарихын ішіне бүгіп жатқаны ертеден белгілі. Осындай құпия сырға толы Әулиебастау топонимі бір ғана Жамбыл облысының аумағында көптеп саналады.

Әулиебастау бұлағы мен оның қасында орналасқан ортағасырлық қалашықтың орны облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Әулиебастау қалашығы мен бұлағы Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан 13 шақырым, Тараз-Қарабастау тас жолының солтүстік жағында 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Қалашық шамамен VІ-ХІІІ ғғ. өмір сүрген.

Қалашықта ХІХ ғ. бастап ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, топографиялық құрылымы анықталған. Ескерткіш Орта Азияға іс-сапармен келген В.В. Бартольдтың есебінде Абдуррахман деген атпен берілген.

Әулиебастау қалашығының географиялық жағынан өте ыңғайлы жерде орналасуы оның Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалаларының бірі болғандығын байқатады. Себебі көшпелі және отырықшы мәдениеттердің тоғысқан жері Шу мен Талас аймақтары дами келе үлкен сауда ошағына, Қытайдан Европаға өтетін Үлкен керуен жолының дәлізіне айналды. Әулиебастау қалашығы да алғашында Батыс Түрік қағанатының саяси-экономикалық маңызы бар қалалардың бірі ретінде негізі қаланды. Саяси талас-тартыстар нәтижесінде Әулиебастау қалашығы өз тарихында талай оқиғаларды өткізіп, құлдырауды да өрлеуді де бастан кешті. Әулиебастау қалашығы Түркі тайпалары құрған мемлекеттердің қаласы ретінде тарихта қалды.

Қала орны төбе болып үйіліп жатқан батыс және шығыс бөліктерден тұрады. Батыс бөлігі 85х87 м, шығысы 100х130 м биіктігі 9 м болатын үйінді алаң түрінде сақталған.

Әулебастау қалашығының оңтүстік-батыс жағындағы жарылған жартастың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың суынан қалашықтың іргесінде көлшік пайда болған. Бұлақтың суы жыл бойы тұрақты температурада ғана ағып жатады. Суы аса маңызды минералдар мен микроэлементтерге бай, көптеген ауруларға шипа. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, судың емдік қасиеті бар, оны пайдаланған адамға ерекше күш береді. Ашық алаңқайда қыр етегінде ағып жатқан кәусәр бұлақтың дәмі ерекше. Бір қызығы бұл әулиенің суына күміс бұйымдарымен шомылса біраз уақыттан кейін сол күміс бұйымдар жалтырап тазарып шығады екен. Сондықтан бұлақ жергілікті халық арасында Әулие бұлақ деп аталып кеткен.

 

Әдебиеттер:

Таласская долина. Труды Семиреченской археологической экспедиции 1936-1938 гг. / ред. А.Н. Бернштам. Материалы и исследования по археологии Казахской ССР. – Алма-Ата, 1949. – Т. I. – С. 120-121.

Бартольд В.В. Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью в 1893-1894 гг. – Соч. в 9-ти т. – М., 1966. – Т. IV. – С. 27;

Алипчеев С, Байбосынов К. Свод памятников истории и культуры Джамбулской области. – Джамбул, 1982. – № 37.

 

Листинг ерекшеліктері

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message