Ақыртас кешені

Әзірге шолу жоқ
0
Пікір қалдырыныз Қаралды - 351

Таныстыру бейнесі

Киелі Жамбыл өңіріндегі әлемдік тарихи-мәдени ескерткіштердің қатарында Ақыртас құрылыс кешені де бар. Ата-бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған Ақыртас кешені Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым, Ақшолақ бекетінен 6 шақырым жерде, Қырғыз Алатауының теріскей етегінде орналасқан.

Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Ақыртас кешені 2014 жылы Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне және 2017 жылы«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.

Кешен әртүрлі қызмет атқаратын бірнеше құрылыстардан тұрады. Олардың ішінен ерекшеленетін сәулеттік құрылыстар: сарай, қала сыртындағы тұрғын жайлар, XIII-XIV ғғ. керуен-сарайы, қамал, қорған, қарауыл мұнаралары бар. Сонымен қатар кешеннің негізгі бір бөлігін суландыруға арналған құрылыстар: су қоймасы, құбырлар, бөгендер, хауздар мен бау-бақша егуге арналған алқаптар алып жатыр. Ақыртас кешенінің құрылыстарын салу барысында тау жотасындағы қызыл тастар пайдаланылған. Осы төңіректе құрылыс заттарын өңдеуге арналған тас пен топырақ алатын, қыш дайындайтын өндірістік орындары да болған.

Ақыртас құрылысы туралы алғашқы ресми дерек көздерінің бірі ХІІІ ғ. қытай жиханкезі Чин-Чуньның қолжазбаларында кездеседі. Ол: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» – деп сипаттайды.

Содан бері ұзақ уақыт бойы Ақыртас құрылысының өткен тарихына, құпия сырына шетелдік мамандардың, әуесқой зерттеушілердің қызығушылығы толастаған емес. Ғылым академиясының алғашқы толқын зерттеушілері П.И.Лерх, В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, Т.Қ.Басенов, К.М. Байпақовтың ізденістері мен жаңалықтары, қисынды әрі қисынсыз тұжырымдары ғылыми ортаны осы уақытқа дейін толғандыруда.

Ал Ақыртас деген атаудың шығу тегіне ой жүгіртер болсақ, құрылыс тасының бір-біріне ыңғайлы отырғызылуы үшін ортасы ойылып өңделіп, ақырға ұқсағандықтан осылай аталған деген пікірлер басым.

Ақыртасқа байланысты тарихи аңыздардардың бірінде: «Алаңғасар алып бір сұлуға ғашық болыпты. Сұлу алаңғасар алыптан өзіне арнап тастан сарай салуды талап етеді. Алаңғасар алып Ботамойнақ тауынан тас алып тасып, оларды қашап, тегістеп, сарай салуға кіріседі. Ол сарайды тұрғызып болған соң, Ботамойнақ тауын тесіп, Талас өзенін сол тесік арқылы сарай маңынан өткізбекші болады. Таудан тас тасып жүргенде, Алаңғасар алып ай десе аузы, күн десе көзі бар басқа бір сұлуды кездестіреді. Мұның сұлулығы алдыңғы қыздың сұлулығынан артық, әрі сөзі назды екен. Алаңғасар алып сол қыздың қасында қалып қояды. Алаңғасар алып дүниеден қайтқанда, оның сирағынан Әмударияға көпір салынған» – деп баяндалады.

Ал Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегінде Ақыртас Сарайын Көркембек деген тас шебері салғандығын айтады.

Бүгінгі күні  Ақыртас кешені инфраструктурасы дамыған, Қазақстандық және шетелдік туристер жиі келетін қасиетті орынға айналған.

 

Әдебиеттер:

Лерх П.И. Археологическая поездка в Туркестанский край в 1867 г. – СПб., 1870. – С. 28-29, 34-39.

Каллаур В.А. Акыр-Тас // Протоколы Туркестанского кружка любителей археологии (ПТКЛА). – Ташкент, 1896. – С. 25-27.

Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (6-13 вв.). – Алма-Ата: Наука, 1986. – 255 с.

Дәдебаев Ж., Тараз өлкесі: монографиялық пайымдаулар, ойлар мен толғаныстар. – Алматы: «Дәуір», 2013. – 464 б.

Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түптұқияннан өзіме шейін». – Алматы: «Жалын», 1993. – 312 б.

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message