Ақтөбе мазары (Құлан-бұлан, Ақ күмбез)

Әзірге шолу жоқ
1
Пікір қалдырыныз Қаралды - 321

Таныстыру бейнесі

Ақтөбе мазары Байзақ ауданы, Абай ауылының солтүстік-батысында 6 шақырым және Мәдімәр ауылынан 15 шақырым қашықтықтағы жазықта орналасқан. Мазар ХVІІІ ғ. соңы – ХІХ ғ. басына жататын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген.

Ескерткіш нысанында 1936 жылдан бастап әр кезеңдерде ғылыми-зерттеу, жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Кесененің шаршы тәрізді аумағы 6,2х6,2 м келетін бір бөлмелі құрылыстан тұрады. Құрылыстың негізгі қабырғасы күйдірілген кесектен қаланған. Төбесі көлемді келген биік барабанды күмбезбен жабылған. Ішкі жақтаулары төртбұрышты күмбез, асты желкенге бекітілген. Қасбеті төртбұрышты портал түрінде өрілген, биіктігі 8 м. Кіреберіс босаға ішке қарай айтарлықтай жақындай түскен және сыртқы жиектері П тәріздес шығыңқы етіп қаланған жиектеулермен безендірілген. Қабырғасы сыланып, әк қоспасымен әктелген. Бастапқыда алебастрланып, аңшылық көріністері, тұрмыс пен қару-жарақ кұралдары салынған қолтаңбалар болғанға ұқсайды. Қабір үсті құрылысы байқалмайды, едені топырақпен тегістелген.

Ақкүмбез (Құлан-Бұлан) халық арасында әулиелі жер, киелі мекен ретінде кең танылған. Ертеректе басында шырақшысы болғандығы да айтылады. Күмбездің қабырғалары мен төбесінде арабша жазулар, әртүрлі суреттер: байлаудағы жылқылар, ұзатылған қыздың көріністері бар бейнелер болған. 1970 жылдары қабырғалары мен күмбезі айтарлықтай бұзылып, 1980 жылы жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенде суреттер мен жазулар жойылып кеткен. Күмбездің астында үңгір болған дейді. Күмбездің солтүстік жағында 30 метрдей жерде ақыр түрінде ойылған үлкен қызыл тас болған. Оны Құлан төренің атақыры деп атаған, ол тас ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарына дейін сақталып келген, кейін белгісіз себептермен жоғалып кеткен.

Сол кездердегі Тараз өңірінде Құлан төре Аспандияр ханның ұрпағы, халық арасында өзінің әулиелік қасиетімен, діндарлығымен ел басқарып үлкен беделге ие болған адам. Кейін басына тұрғызылған күмбезге де халық көптеп келіп, мінәжәт ететін орынға, әулиелі, киелі жерге айналады. Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында хан тұқымының ордасы деп, халық көп келетін жерді санадан өшіру үшін коммунистер сол күмбезді бұздыруға барған трактор аударылып, адамы сол жерде мерт болған. Осыдан кейін оны бұзуға ешкімнің дәті бармай, сөйтіп күмбез аман қалған. Айналасындағы ел-жұртты күштеп басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүрлеген.

Халық арасына таралған аңыз-әңгімелерінде Ақтөбе мазарында Құлан деген өзі төре, өзі би болған адам жерленген (кейбір әңгімелерде мазарда екі ағайынды Құлан және Бұлан деген төрелер жерленген) делінеді.

Құлан ХІХ ғ. 30 жылдары ұлы жүздің руларын басқарған сұлтан болған. Қытай билеушілерімен тығыз байланысты болғандығы және Қытай деректерінде Құланды қоқандықтар қанша өздеріне икемдеп, қол астына тартса да, ол көнбей, мұны императорға хабарлап, сый-сияпат алғаны айтылады. Аңыздарда Құлан бидің атының үзеңгісіне у жағылып жіберілген, ол осы Ақтөбе деп аталатын жерге келіп қайтыс болған делінеді.

Бүгінгі таңда жергілікті тұрғындар кесенеге келіп мінәжат етіп, қасиетті мекен ретінде құрметтейді.

 

Әдебиеттер:

Археологическая карта Казахстана. – Алма-Ата, 1960. – 449 с., № 3788.

Цинская империя и Казахское ханство. Вторая половина ХVІІ –первая треть ХІХ в. / Составители К.Ш. Хафизова, В.А. Моисеев. – Алматы: Наука, 1989. – Ч.1. –  С. 320.

Листинг ерекшеліктері

Тегтер

3D модель

Пікір қосып баға берініз

Your email is safe with us.

Your rating for this listing :
Rating images

Мекен жай / Байланыс:

Reply to Message