ЖАМБЫЛ ӨҢІРІНДЕГІ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2007 жылы 31 мамырда «Алжир» мемориалды мұражай кешенінің ашылуында былай деді:

–ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады.

Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ.

Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.

Ел тарихындағы аса бір қасіретті кезеңнің жабық беттерін ашу тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ерекше қарқынмен жүргізілді. 1993 жылдың 14 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының қабылдануы бұл сауапты іске екпін бергені анық. Саяси қуғын құрбандарын еске алу, оларды жазықсыз жағылған қара күйеден аршу бүгінгі ұрпақтың парызына айналды.

Сондықтан да қайта-қайта тарихқа үңіліп, құжаттарды парақтап, кімнің кім екенін анықтау бағытында зерделеу, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Кітаптар шығарылып, мақалалар жазылды, ғылыми сараптаулар жасалынды. Елді мекендерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнату туралы шешімдер қабылданып, белгілер қойылды.

Кейбір дерек көздері сұрқия саясаттың салдарынан Қазақстанда сол бір қасіретті жылдары 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңдайы атылғанын айтады.

Ал Жамбыл жерінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар 5 мыңнан асады, оның 850-і атылды деген мәлімет айтылуда. Алайда осы деректі нақтылайтын құжаттар жеткіліксіз. Прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік басқармасының деректеріне сай кейбір дерек көздері әлі жабық екен. Бұл облыс аумағында саяси қуғын-сүргінге қанша адам ұшырағандығы жөнінде әлі де толық әрі нақты дерек жоқ екендігін айғақтайды. Тіпті кейбір «халық жауларының» туған-туыстары жазықсыз жапа шеккен жақынының қашан сотталғанын да, одан кейін ақталғанын да біле бермейді. Бұған көп мысал келтіруіме болады. Бүгінгі айтпағымыз бұл емес, айтпағымыз – жазықсыз сотталып, халқымыздың қаймағы «халық жауы» атанғанын, оларға нақақтан нақақ жала жабылғанын, жан азабын тартқанын тағы да еске салу және еске алу.

Кезінде, дәлірек айтқанда, 1989-1991 жылдары облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газетінде және 2010 жылы «Сенім» баспасынан жарық көрген «Зерде» кітабында Жамбыл облысынан қызыл империяның қырғын саясатына ілігіп, жазықсыз құрбан болғандардың тізімі жарияланған болатын. Мәңгі ұмытылмас қасірет туралы талай ой айтылып, кітап жазылды.

Қанқұйлы саясаттың салдарынан қаншама адам жапа шегіп, әділдіктің бар екеніне күмән келтіріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін жоғалтқаны анық. Бір отбасы, әулет, бүкіл халық қаншама асыраушысынан, сөз бастар ақылшысынан, көш бастар көсемінен айырылды десеңізші?! Жүрекке нұр емес, қасірет құятын осы тектес ойды сабақтастырып бұған дейін талайлар айтқан. Дегенмен де қуғын-сүргіннің қасіретін қанша айтса да, жазса да ол таусылмайды, жан азабы ортаймайды.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында болған жылымықтың соңы лагерлерде жазықсыз азапты күндерін өткізгендер мен атылғандарды ақтаудың басы болғаны белгілі. Ал сол қасіреттің басында тұрған коммунистік партияның мүшелерін ақтау, партиялығын қалпына келтіру жұмысы тағы отыз жыл өткен соң ғана қолға алынды. Олардың кейбіреулерін заң ақтағанымен партия ақтамауға ұмтылған сәттер де болды. Жоғарыда айтылған үш жылда облыста үш жүздей адамның не үшін сотталғаны және ақталғаны сараланып, партиялылығы қалпына келтірілген.

Айтқан ашық ойы, ғылыми дәлелі, сенімі, пікірі, арманы үшін сотпен емес, «үштіктің» шешімімен, ашығын айтқанда, сол үштікті жасақтаған НКВД-нің бір ғана қызметкерінің қалауымен сотталған, атылған.

Осы кесапатқа алдымен ел басқарғандар, көзі ашық, көңілі ояулар, іскер азаматтар, білімділер мен біліктілер ұшырады. Бір сөзбен айтқанда, алдымен мылтықтың мүштігіне атпал азаматтар ілінді. Халқымыздың алтын тамыры-тектілікті аяусыз балталау үшін оқиғаны қолдан қоюландырды, «жауды» қолдан жасады. Осылайша халықтың санасын салқындатты, рухын өшірді, басын иіп, қалыпқа тықты, тіпті, көрге кіргізгенше үнін шығармады. Ашығын айтқанда, ұлт зиялылары совет өкіметі орнасымен-ақ қудалауға түскен. Бұл кесапат 1938 жылы аяқталмаған. Үнемі жалғаса берген, жалғаса берген. Бұған дейін де көптеген атпал азаматтар жазықсыз жазаланды. Бұл пікірімізді дәлелдеп жатудың өзі артық. Ол белгілі де анық жәйт. Сондықтан да Жамбыл жерінде туған, осында еңбек еткен жазықсыз жапа шеккендердің төмендегі тізімі толық деп айту қиын. Мәселен марқұм, тарихшы Әбдіқадыр Жүргенов «Ақ жол» газетінің 1997 жылғы 31-мамыр күнгі санында жазықсыз жазаланған бірнеше азаматтардың өмірбаяндарынан оқырмандарды хабардар етеді. Олар – Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаев, Кененбай Бармақов, Бекбосын Құлжабаев, Даут Абдулаев, Исқақ Әсимов. Бұл азаматтардың біразы Жамбыл жерінде халық үшін маңдай терлерін төккен қоғам қайраткерлері. Осы азаматтардың біразының есімдері төмендегі тізімде жоқ. Сонымен бірге «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылғы 31-мамырында белгілі саясаттанушы, демограф Мақаш Тәтімовтың «Қаралы тізім» мақаласында 1938 жылдың 25-ақпанынан 13-наурыз аралығында Алматыда, Ақтөбеде, Шымкентте атылған азаматтардың қаралы тізімін оқырмандарға ұсынған еді. Сол тізімнен Әулиеата уездік-қалалық солдат және жұмысшы депутаттар советі атқару комитетінің алғашқы төрағасы Қабылбек Сармолдаев Мәскеуден арнайы келген А.Д. Горячев, А.И. Микляев, Н.И.Шапошниковтың шешімімен 1938 жылы 25-ақпанда Алматыда атылғанын білдік. Сонымен бірге осы қаралы тізімде 26-ақпанда Меркілік, Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі болған, елімізде жоғары қызметтер істеген Мақсұт Жылысбаев, 28-ақпанда байзақтық, ағартушы Сыдық Абланов пен сарысулық ғалым-ағартушы Әшір Бүркітбаев, 3-наурызда қордайлық полк, бригада сардары болған Мағаз Масанчы, Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сақып-Керей Құрамысов, 11-наурызда Әулиеата уездік комитетінде басшы қызметтер атқарған, ашаршылық зардаптарын жоюда белсене күрескен Үсіпәлі Нұршанов, 19-ақпанда 1936 жылдан 1938 жылға дейін Мирзоян (Тараз) қаласының оқу-ағарту бөлімін басқарған Сабыр Айтқожин мен Тараздық, ауыл шарушылығының қайраткері Бекбосын Құлжабаев атылыпты. Әрине, халық ұлдарын ату бұдан бұрын да, одан кейін де болған. Мәселен, Талас ауданы Үшарал ауылының тумасы, соңғы қызметі Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Жүнісбек Дүрімбетов 1938 жылдың 15-ақпанында атылған. Жоғарыда есімдері аталған азаматтардың біразының аты-жөні Жамбыл облысы бойынша ақталған коммунистердің де, партияда жоқтардың да тізімінде жоқ. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысына дейін облыс аумағына он бір мыңнан аса адам өзге жақтан көшіріліп әкелінді. Оған бес мыңнан аса адамның біздің облысымызға жер аударылғанын қосыңыз. Бұларды да «саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар» деп айтуға болады. 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін де, одан кейін де қазақ жеріне зорлықпен көшіріліп әкелінгендер көп болды. Саяси-қуғын сүргін жылдары қазақтармен бірге олардың біразы атылды, сотталды. Сұрқия саясат ешкімді аямады. Тіпті бір отбасынан бірнеше адам жазаға тартылды.

Жоғарыда аты аталған біраз азаматтар туралы Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 1111-қорында деректер жинақталған. Осы қордағы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Әулиеата қалалық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарған, кезінде Меркідегі орыс-бұратана мектебінде Тұрар Рысқұловпен бірге оқыған Үсіп Сатыбалдиновтың өмірбаянынан біраз деректерге қанық боласыз. Үсіп Сатыбалдинов Меркі орыс-бұратана мектебінде Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Тұрдалы Тоқбаев, Рахманқұл Орынтаев (Урынтаев), Сәдуақас Жамансартов, Қалыш Ходжабергенов оқығанын анық жазады. Міне осы азаматтардың барлығына дерлігі Тұрар Рысқұлов пен Қабылбек Сармолдаевтың ықпалымен 1917 жылғы қазан көтерілісіне белсене қатысқан. Олар Әулиеата уезінде кеңес өкіметінің орнауына белсене қатысып, жауапты қызметтер атқарды. Кейін олардың көпшілігі саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Өкінішке орай олардың да кейбіреулерінің аты-жөні ақталғандардың арасында жоқ.

Қазақстанда өте қатал жаза берілуінің басты себебі – айдауға көнбейтін, халқының тағдыры үшін ноқтаға басы симайтын ұлт зиялыларынан арылып, қазақ жерін еркін билеу мақсатына жету болса керек. Бұл жерде қызыл империя тек қазақ зиялыларын ғана қудалады деп айту орынсыз болар. Жергілікті халықтың сөзін сөйлеген, «барлық іс-әрекет коммунистік ілімнің өзегі болып табылатын әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан болу керек» деген атпал азаматтарды да аяусыз жазалады. Дегенмен де кеңестік Қазақстанда биліктің тұтқасын ұстап отырғандар арасында ұлт өкілдері көп болғанына қарамастан жазаланғандардың арасында жергілікті ұлт өкілдері көп болды. Өздері «жау» деп таныған азаматтардың отбасын санаққа алып, әкесі, бауыры, отағасы үшін болашақта кек алуы мүмкін деген оймен олардың жақындарын қамап, өзегін жаншып, жанын мұрнының ұшына әкелген. Оларды «жау» деп таныған жақынынан бас тартуларына мәжбүрледі, соған көнбегендерді зорлық-зомбылықпен көндірді. Кешегі өмір тынысы бүгін тарихқа айналған. Біз сол тарихқа айналғандардың өмірбаяндарын зерделей отырып, сабақ аламыз. Әділетсіздік, сатқындық, жала жабу, бір сөзбен айтқанда, имансыздық аяқ астында екенін білеміз. Сондықтан да біз қоғамымызда бассыздыққа жол бермеу үшін адамның құқын жан-жақты қорғайтын халықтық заңдар қабылдауда әділеттіліктің салтанат құруын естен шығармауымыз қажет!

 

Add Comment

Your email is safe with us.

Sign In Qasietti Taraz

Account details will be confirmed via email.

Reset Your Password