Сауатты зерттеулер жаңаша пайымдауларға жол ашады

Жаңа кірген жыл қазақ руханиятында ерекше орны бар, көзі тірісінде-ақ жыр алыбы атанған ақын, жыршы, жырау Жамбыл Жабаев жылы аталды. Соған орай жыр алыбының 175 жылдығы республикалық дең­гейде түрлі іс-шаралармен аталып өтетіні анық.

Жуырда ғана газетімізде академик Сейіт Қасқабасов пен жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Жамбылтанудағы өзекті мәсе­лелер» (29 желтоқсан, 2020 жыл) атты мақаласы жарияланды. Сон­да ұлы тұлғаны зерттеуге, та­ны­туға, насихаттауға қатысты бір­­қатар өзекті мәселелер аталып өткен болатын. Авторлар тұл­ғаны зерттеу бағытындағы шығар­маларды қайта басып шығару мәселесін де қамтыды. Біз де жаз­­­бамызға дәл осы кітап басып шы­ғару мәселесін арқау еткі­міз келеді. Бірақ сәл басқаша қыры­нан келіп отырмыз.

Өз басымыз құбылыс деген сөз­ді тура мағынасында Жамбыл Жабаев тұлғасына қатысты қол­данар едік. Он жасынан бастап қолына домбыра ұстаған, жаны­нан суырып өлең шығарған та­лант иесі тоқсан тоғыз жас жа­сап, өмірінің соңына дейін жыр­лап өткені тарихи шындық. Тоқсан екі жасына дейін бір де бір шығармасы қағаз бетіне түспеген ақынның өлген соң соңын­да мол мұрасы қалды.

Ал­ла тағала ерекше күш-қуат, тегеу­рінді талант сыйлаған, жұмбақ тағ­дыр иесі туралы аңызы мен шынд­ығы аралас сан алуан пікір ел ішін кезіп жүргені де рас. Оның ішінде ақын тұлғасына қа­тысты «қолдан жасалған», «кеңес өкіметінің жемісі» дегенге саятын, ауыр, ешкімге де абырой әпермейтін пікірлердің бар екені қынжылтады. Әрине, бұл сияқты пікірді айтатындар орысша жазылған материалдарға сүйенетіні белгілі. Олар шынын айтқанда өткен ғасырдан бері ақын өлеңдерін орысшаға аударған Павел Кузнецовты әлд­еқандай қып, «ауылдан шық­­қан сауатсыз шал соның арқа­сында әлемге танылды» деген ың­ғайдағы мақалаларды әлі күнге бас­шылыққа алады.

Үкіметтен көрген жақсылығын тізіп, атақ-марапат бұйырғанда қанша сом алғанын, көлігінің маркасы қандай болғанын, қанша бөлмелі үйде тұрғанын, жанында кімдер қызмет еткенін жария қылуды еш ұмытпайды. Ал жасында үлде мен бүлдеге оранбаған, тар жол тайғақ кешулерден өткен, өмірдің ыстық-суығына төзген, мейіздей боп қатқан дана қарт сондай «әлпешке» қаншалықты мұқтаж еді деп ойланғылары келмейді.

Адамның физикалық мүмкіндігі шектеулі екені өз алдына, күні еңкейген кез келген қарт кісі дүниеден бой суытпай ма? Жам­был секілді өз қадірін де, сөз қа­дірін де терең білген тұлғаны үкімет берген азын-аулақ тиын-тебенге «матап», саясиландыру кімге керек? Қынжыламыз, бірақ қайсыбірінің атын атап, түсін түстейсің. Ниеттері белгілі. Бұл жерде тұлғаның рухани әлемі, бай да мазмұнды шығармашылығы туралы зерттеулердің, материал­дардың көп екені, оның таразы­ның басын басып кететіні дәтке қуат. Әйтсе де осы зерттеулер, ма­қалалар қолжетімді болса екен дейміз. Іздегенде көзіңе әл­гіндей нашар пиғылдағы материалдар емес, жамбылтануға үлес боп қосылған, сауатты зерттеулер шалынса қандай жақсы. Олар кітапқа айналып, басып шығарылса, кітап дүкендерінде сатыла бастаса, кітапханаларға қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Олай дейтініміз, Жамбыл шығар­машылығына қатысты зерт­теулер мол болса да, қолға ұс­тайтын кітап саны көп емес. Олар­дың өзі кітапханаларда қолдан қолға өтіп ескірген, парақтары сар­ғайған, жыртылған. Ал дүкен­дерден таппайтының басы ашық нәрсе.

Жамбыл жылын желеу етіп, жам­былтануға қатысты ма­те­риал­дарды бір жаңартып алатын кез келгенін қайталап айтудан арланбаймыз. Жамбылтану ғы­лымының іргетасын қалаған – жазушы М.Әуезов. Әдебиет тарихында С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұма­лиев, Ә.Тәжібаев, М.Қа­ратаев, С.Қирабаев, М.Базарбаев, М.Хакімжанова, Р.Сыздықова, С.Қасқабасов, С.Негимов сын­ды бел­гілі жазушылар мен ға­лым­дардың Жамбыл шығар­машылығы туралы жекелеген құнды мақалалары бар. Ғылыми айналымға еніп кеткен осы дүниелердің басын біріктіріп, ең жоқ дегенде қос томдық шы­ғаруға болатын шығар деген ойдамыз. Оның сыртында С.Садырбаев, М.Жолдасбеков, басқа да жамбылтанушы ғалым­дардың еңбектері бір бөлек. Ғы­лым ордасының, Ғылыми кітап­ханасының сирек қорында С.Бегалиннің «Жамбылдың өмір кезеңдері» атты 1941-1945 жыл­дардағы экспедициядан жи­на­ған материалдары қолжазба күйінде сақтаулы тұр. Бұл оның ғы­лыми монографиясы. Осы қол­жазба кітап боп басылып шық­­са, жамбылтануға қатысты ғылыми айналымдағы деректер кө­бейе түседі деп ойлаймыз. Си­рек қорда тұрған дүниелерді кітапқа айналдыру тәртібі қан­дай екенін білмеймін. Десе де Жамбыл шығармашылығына қатысты қолжазбалар, жолжазбалар, мақалалар, зерттеулер, яғни бүкіл құнды материалдар кітап болып басылса, бүгін өтіп, ер­тең ұмытылатын дөңгелек үс­телдер мен басқа да сол сияқты шаралардан әлдеқайда пайдалы болар ма еді деп ойлаймын. Жамбыл шығармашылығын, ол туралы зерттеулерді молынан насихаттай алсақ, Жамбыл жайлы жаңаша зерттеулерге, тың пайымдарға жол ашылатын сияқты боп көрінеді.

Осы мақаланы жазып оты­рып ұстазым, филология ғылым­дарының кандидаты, профессор Болат Қорғанбектің бір отырыс­та осы уақытқа дейін Жамбыл Жа­баев шығармашылығын өз дең­гейінде танымай жүргеніміз туралы айтқан пікірі есіме түсті. Ол қоғамда ауыз әдебиетін архаизм деп қарайтын түсініктің қа­лыптасқанын, соған сәйкес Жамбыл тұлғасын түсінбеушілік бар екенін, айсбергтің сыртқа шығып тұрған бөлігін ғана кө­ретініміз сияқты, біз оның тұл­ғасының кішкене ғана бөлігін танып жүргенімізді айтып еді. Расында да оның тастай қисыны, сөз тапқыштығы, жылдам жауап қай­таратыны, жад қуаты әлі талай дискурстық, текстологиялық зерттеулерге сұранып тұр емес пе? Одан бөлек оның рухани ілімі жайлы зерттеулер жоққа тән. Рухани ілімді меңгермеген кісі кім қанша жерден қолпаштаса да, ондай зор құбылысқа айнала алмайтыны белгілі. Айналып кеп «Менің пірім – Сүйінбай» дегенін қайталай береміз. Дін сұмдық саясиланған осы қоғамда ол туралы ғалымдар жақ та ашпайды. Екінші бір мәселе – ғылыми айналымда жүрген зерттеулердің басым бөлігінен Жамбылдың қарт кезіндегі тұлғасын танимыз. Жастық шағы, кемеліне келген, қалыптасқан кезеңдері жайлы мәліметтер көп емес. Оның өзі айтыстарына барып тұйықталады. Жалпы, Жамбылдың рухани бай әлемі әлі де өзінің жан-жақты ізденгіш, білімді зерттеушілерін күтіп тұр. Ол үшін жоғарыда айт­­қанымыздай тұлға жайлы ең­бектердің насихаты күш­ті болуы керек. Екіншіден, жамбыл­тануға үлес боп қосылған сауатты, сали­қалы еңбектердің сапалы әрі мол тиражбен кітап боп басылып шығуын тиісті мекемелер қолға алса дейміз. Сауатты зерттеулер жаңаша пайымдарға жол ашатынын ескерсек екен.

Сейіл Айгүл

 

https://egemen.kz/media/2021/01/07/zhambyl.jpg

Add Comment

Your email is safe with us.

Sign In Qasietti Taraz

Account details will be confirmed via email.

Reset Your Password