Тәуелсіздік дәуірінің тағлымы

Ұлы даланың төл тарихы бейне бір зор дарақтың тереңінде жатқан тамырындай тарам – тарам. Алып ағаштың әрбір бұтағындағы жапырақтардың сол терең тамырдан көктеп, нәр алатыны секілді, мемлекетіміздің де бүгінгі сарабдал бағыты кешегі жүріп өткен жолмен біте қайнасып жатыр. Нешеме ықылым замандардан бері батыс пен шығыс елдерінің алтын көпірі саналып, зор өркениеті мен тағлымды мәдениетімен дараланған ұлы дала тарихына таңдай қағып тамсанбаған саяхатшылар мен жиһангездер кемде-кем. Әлімсақтан – ақ ұлан-ғайыр территориямызға көз алартқан басқыншы елдер бейбіт, дархан халқымызды ұлт ретінде жоюға бар күш – жігерін салды.

Тағдыр қазақ халқына ұлан-ғайыр жер беріп, сырттан келген өзге ұлтқа өз бауырындай қарады. Бір үзім нанын бөліп беріп, аштық пен зұлматтан аман алып қалған өзге ұлт өкілдерінің қазіргі кезде қазақ халқына деген көңілдері риясыз. Осылайша тарих бізді көпұлтты ел ретінде қалыптастырды.

Басына алмағайып небір нәубет орнаса да тарих – тамырынан алыстамауға бекінген қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізісімен – ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас болуымен ғасырлар бойы өз орнын таба алмай келе жатқан асыл қазыналарымыз бен төл жауһарларымыз қайта жаңғырып, тарихымыз тұғырына қонды. Әлеуметтік және экономикалық жағынан толағай табыстарға қол жеткіздік.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы қазіргі кездегі қоғам алдындағы өзекті мәселеге арналған.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен алғашқы жаңғыру кезеңі басталды. Осы уақытта мемлекетімізде экономикалық, әлеуметтік және саяси-қоғамдық салаларда игі қадамдар жасалынды. Жаңа саяси жүйе құрылып, нарықтық экономикаға негізделген құқықтық мемлекеттің іргетасы қаланды сонымен бірге этностық және діни келісімдер жүзеге асырылды.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында «Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» атаған 2000 жылдардан бастап сыртқы саясатта мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз еселеніп артты. Шекарамыз толықтай шегенделіп, тарихымызды түгендеуге негіз қаладық. Ең бастысы «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылды.

Тәуелсіз Қазақстан жер шарын шарпыған әлемдік дағдарыстан зардапсыз, шығынсыз алға қарай нық сеніммен маңызды қадамдар жасай білді. 2012 жылы «Қазақстан-2030» стратегиясының барлық міндеттері мерзімінен бұрын орындалып, әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу міндеті жолға қойылды.

Енді алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті елдігіміз бен бірлігімізді сақтай отырып, қуатты да кемел халық болуды қажет етеді.

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында отандық тарих мәселесіне ерекше тоқталып өтті. 2004 жылы қабылданып, жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін қайта жаңғыртуға жол ашты. Бұрындары саси тұрғыдан бүркемеленіп келген көптеген ұлы тұлғаларымыздың есімдері мен ерліктері жайлы көптеген деректер тарихымызға жаңа беттер қосты. Дегенмен бұлардың кейбірі қалың көпшілікке әлі де болса қолжетімді емес. Сондықтан мемлекет басшысы барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиісті механизмдерді атап көрсетті. Бұл орайда жаһандық дамуға сай ғаламтор және телевидение арқылы тарихи фильмдерді көптеп көрсету, ұлы тұлғаларымыздың ерлік, елдік жолындағы қызметтерін паш ету кезек күттірмес мәселелер қатарында.

Тағылымы зор мақалада, Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру, 1921-1922 жылдардағы нәубет, ашаршылық, желтоқсан оқиғасына қатысты қордаланған мәселелерді көрсетіп, жүзеге асыру жолдарына тоқталды. Алдағы уақытта бұл мәселе облыс, республика деңгейінде жүзеге асырылатындығына сенеміз.

Қазақ тарихында қай кезеңді алып қарасақ та ел мен жер тағдыры бастапқы орындарда тұрған. Біздің заманымыздың басында жерімізді мекендеген сақ, скиф, ғұндардың да сансыз жорықтары жерімізді қорғауға бағытталып отырған.

Тарихымызға көз жүгіртсек, сонау бағзы заманда елін шабуға келген парсы патшасының жаушысына сақ елінің басшысы Иданфирстің: «Патшаңа айтып бар, егер менімен соғысқысы келсе біздің ата-бабаларымыз жатқан қорымдарға қолын тигізіп көрсін, сонда біздің қалай соғысатынымызды көреді» – деп жауап бергенінің өзінен – ақ ел мен жерге, ата – баба мұраларына деген сүйспеншілікті аңғарамыз.

Ал, Ғұндардың басшысы Мөдеге қытайдың патшасы жолдаған елші: «Менің патшам сіздің жеріңіздің бір бөлігін сұрап жатыр, дейді. Сонда Мөде қаған кеңесшілерін жинап, не дейсіңдер, деп кеңес құрады. Уәзірлері қайтсек басшымызға жағамыз деген оймен: «Ол жер ештеңе өспейтін тақыр, бере салайық» деп жамырасады. Сонда Мөде қаған: «Жер біздің мемлекеттігіміздің кепілі, сондықтан жерімізді ешкімге де бермейміз» – деп уәзірлерінің бәрінің басын алғандығы туралы деректер сақталған.

Ұлтымыздың тарихына көз жіберсек, ел шетіне жау тиіп, сүттей ұйып отырған бейбіт қауымның басына қатер төнген тұста халық мүддесін ту қылып ұстап, елім деп еңіреген түкті жүрек, мықты білек ата – бабаларымыздың да, елінің, жерінің амандығын, бауырларының бүтіндігін көксеген басалқалы билердің де, жалын атқан сөздерімен, жүрекжарды сырымен алыс жақынды бірдей баураған от ауызды, орақ тілді, ақын – жазушыларымыз да, сайыпқыран батырларымыздың да көксегені тәуелсіздік, бірлік, ел мен жер тағдыры болған.

Қазақ халқы өз ұрпағын: «Отан – оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Ер жігіт елі үшін туады» деген нақылдар арқылы тәрбиелеп отырған.

Мемлекет басшысы, қазақ жерінің ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтіндігін және ешқашан сатылмайтындығын атап көрсетуі, әлі күнге дейін көпшіліктің көкейінде жүрген жер мәселесіне қатысты сұрақтарға толықтай жауап беріп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап берген мақалада тіл мәселесі де көтерілді.

Әлем елдерімен бірге елімізде орын алып отырған  қиын сәтте әрбір қала, аудан, ауылдардың барлығында мемлекет басшылығы мақаласында көрсетілген міндеттерді мүлтіксіз орындайтын болсақ, толағай табыстарға қол жеткізе беретінімізге сенім білдіреміз.

Мемлекет басшысының мақаласында айтылған ақыл-кеңесі, ой пікірлері барша жұртшылықтың алдағы уақытқа деген сенімдерін күшейтті. Барша қиындық атаулыны еңсеретін күштің бірлікте екендігіне көз жеткізді.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры Дәурембеков Қуаныш Кәрібайұлы

 

  • Қаңтар 8, 2021
  • 15
  • news , мақалалар
  • Коммент өшірілген on Тәуелсіздік дәуірінің тағлымы

Sign In Qasietti Taraz

Account details will be confirmed via email.

Reset Your Password