Мәдениет саласындағы жаңа белестер

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Бірінші Жолдауында сөйлеген сөзінде елдің қазіргі жағдайы мен болашағына аса мән берді. «Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп азаматы бір бөлек» – демекші халқымыздың қамын жеген Қасым-Жомарт Кемелұлының «Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауы көпшілік тарапынан қызу талқыланып, бұқаралық ақпарарт құралдары мен интернет желісінде өз қолдауларын білдіруде. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұстанған сарабадал саясатының арқасында, тәуелсіздік алған жас мемлекеттің тарихында қордаланған мәселелердің барлығы тиімді шешіліп, халыққа жасаған Жолдаулардың арқасында жасампаздық пен  дамуға бет алдық. Аз уақыт ішінде Қазақстан әлем елдері мойындаған елге айналды. Осындай тектілік пен бейбітсүйгіштік, жасампаздық пен ілгерілеу саясатының сабақтастығын үзбей, ары қарай жалғастыра білген Президентіміз халыққа берген уәдесін табандылылықпен орындайтындығын тағы да дәлелдеп берді.  Қазіргі әлем елдерінің алдында заман талабына сай инновациялық тиімді мемлекет құру мәселесі тұрғандығы жасырын емес. Осы орайда Қазақстан саяси реформаларды жүзеге асыруда көптеген елдерге үлгі болуда.  Жаһандық үдерістер қарқын алған тұста, еліміздің қоғамдық – саяси өмірін жақсартпай, бәсекелестікке қабілетті қоғам құрып, табысты экономикалық реформаларды жүзеге асыра алмайтынымыз айдан анық. Қазақстан Республикасының Конституциясында адам және оның өміріне,  құқықтары мен бостандықтарына аса мән берілген. Сондықтан да Жолдауда  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға мән берілуі ел тарихындағы үлкен бетбұрыстар кезеңі болатынына сенеміз. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңдағы Ел Президенті мән беріп отырған қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің  негізгі басымдықтары болып отыр. Елдің көкейінде жүрген қордаланған мәселелердің  әсіресе, бүгінгі таңды Ата Заңымызда көрсетілген міндеттемелерге қайшы келіп, адамзат баласының даму саясатына мейлінше қауіп төндіріп отырған есірткі саудасы, педофилия  мен жыныстық зорлық – зомбылық, браконьерлік, сыбайлас жемқорлық және тағы басқа да ауыр қылмыстарға байланысты заңдарды  ауырлату мен халықтың әлеуметтік – экономикалық жағдайын жақсартуға байланысты мәселелердің жолға қойылуы көптің көкейіндегі мәселелерге нүкте қойды. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілінің мәртебесі өсе беретініне сеніміміз мол. Бұл мәселе де Жолдауда басты мәселелер қатыранын көрінді.  Жасыратыны жоқ осы уақытқа дейін оқу орындарында тілді дамыту аясында түрлі флешмобтар мен танымдық кештер өткізіп келсе, түрлі мекемелерде осы мәселе аясында дебаттар да ұйымдастырылып келді. Ол мәселе ретінде күні бүгінге жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің тектілігі мен елдің болашағына жанашырлығының арқасында қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатынын жеткізді. «Тілсізді – айуан дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Тіл – адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан, тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері» – деп жазып кеткен Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы сынды арыстарымыздың арманы орындалып жатыр. Ел Президенті өз Жолдауында мәдениет саласына аса мән берген. Ұлы дала тарихында ерте темір дәуірінен бастап, күллі Орта Азия мен Еуропа елдерінің дамуына, өркениетіне сүбелі үлес қосқан ата – бабаларымыздың мәдениетіне, біздің жерімізге келген саяхатшылар мен жиһангездер тамсана жазып кеткен болатын. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында бұның барлығын дәйектеп, көрсетіп берді.  «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп елі мен жері үшін етігімен қан кешіп жүріп, туған халқының ұлттық құндылықтарын, салт – дәстүрі мен тілін, мәдениетін сонау қиын-қыстау кездерде жанұшыра, қызғыштай қорыған ата – бабаларымыздың арман – тілегі тәуелсіздік алған соң орындалды. Ұлы дала тарихындағы аса зор мәдениет – қазіргі ұрпақтың мақтанышы әрі болашаққа темірқазығы. Қазақ даласында мәдениеттің сабақтастығы үзілген емес. Ол ғасырлар бойы жалғасып, күні бүгінге жетті.  Ерте кезден бастап қазақтың кең байтақ даласы  Батыс пен Шығысты, Еуропа мен Азияны жалғап отырған алтын көпір саналып келгендігі тарихымыздан белгілі. Әр түрлі діндер мен мәдениет, тарихымыздың асыл жауһарлары тоғысқан тұтас түркі даласының алтын бесігі, қастерлі қарашаңырағы болған еліміз Ресей империясына отар болуымен төл мәдениетіміз бен тағлымды тарихымыз құрдымға ұшырады, бір кездегі әлем жұртшылығы мойындаған өркениетіміз, жабайылыққа телінді. Осы мәселені басты назарда ұстап, қазақтың тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ екендігін негізге алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында еліміздің аумағында ертеден бері орын алған тарихи оқиғаларға баға беріп, жеке-жеке тоқталып, нақты мысалдармен дәйектеп, оқырмандарға ұсынылған еді. Бұл еңбекте еліміздің аумағындағы әлеуметтік – саяси және мәдени – рухани дамуды он екі кезеңге бөліп, ежелгігі дәуірден бастау алған біртұтастылық, көшпенділер өркениетінің ерекшелігі, қазақ даласының социумы ерекше суреттелген еді.  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, көптеген шет мемлекеттердегі еліміздің тарихына тікелей қатысты тың деректер, тарих беттерін жаңаша мәліметтермен толықтырғанын мақтанышпен айта аламыз. Сөз жоқ, Елбасының тағлымды бастамасымен тамыры терең  тарихымыз түгенделіп, түркі елдерінің арасындағы үзіліп қалған алтын арқау қайта жалғанып, жаңа белеске көтерілді.Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мәдениет қызметкерлерін қолдау аясында үкіметке нақты тапсырмалар берді. Жасыратыны жоқ, мәдениет саласының жұмысы ауыр болғанымен соңғы жылдары еңбекақысы көбеймей келеді. Алдағы уақытта кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің жалақыларына қатысты мәселе өз шешімін табатын болды. Бұл әрбіріміз үшін аса зор қуаныш. Себебі мәдениет және өнер саласын бітірген жас мамандар өз кәсібі бойынша жұмыс істемей, басқа салаларға кетіп жатқан келеңсіздіктер орын алуда. Елбасы салып берген сара жолды жалғастырған Президентіміз өз ісінің нағыз кәсіби маманы ретінде алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынымызға сеніміміз мол.

Жамбыл облысы әкімдігінің  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының
«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры
Дәурембеков Қуаныш Кәрібайұлы

 

  • Қыркүйек 12, 2019
  • 32
  • news
  • Коммент өшірілген on Мәдениет саласындағы жаңа белестер